8 000 шақырым жүгірген ультрамарафоншылар Ақтауға жетті

Ақтауға елімізде алғаш рет ұйымдастырылған «Nomad run» ультрамарафоншылар жобасының қатысушылары келді. 8 000 шақырымды жүгіріп өтіп діттеген межесін бағындырған марафоншылар Астана қаласынан бір ай бұрын жолға шыққан, деп хабарлайды lada.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап. Ультрамарафон 25 сәуірде Астана қаласында бастау алған. Бес адамнан құралған команда бір ай ішінде Қазақстанның 18 қаласын 100-ден аса елді-мекенін жүгіріп өтіп, күрделі шақырымды еңсерді. Ультрамарафон қатысушыларының жасы 33 пен 55 жас аралығында.

-«Nomad run» иделогиялық жоба. Біз үлкен қашықтыққа жүгіру арқылы халық арасында салауатты өмір салты мен бұқаралық спортты насихаттауды көздедік. Өзімнің жасым 55-те. 30 жылдан астам уақыт спортпен ұдайы шұғылданамын. Маған еліміздің барлық қалаларын жүгіріп өту жөнінде ұсыныс түскенде бірден келістім. Себебі халық арасында ультрамарафон ұғымын мығым қалыптастыруды және ішкі туризмді дамытуды көздедім. Ультрамарафон дегеніміз - ұзақ қашықтыққа жүгіру. Елордадан бастап, Қарағанды, Жезқазған, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау қаласына аялдап, Ақтау қаласына жүгіріп жеттік, - деді қатысушы Меңдібай Әлімбаев.



Марафоншылар Қазақстанның «Гиннестер кітабына» еліміздегі алғаш үлкен қашықтықта жүгіріп өткендер ретінде енді. Команда мүшелері мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта Меккеге дейін жүгіріп баруды жоспарлап отыр.