5 жасар қыздың өлімі: Сарыағашта ауыл адамдары дүр сілкінді

20 шілде күні Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылының тұрғындары жақында ғана педофилдің қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың ісін әділ тергеуді талап етіп, наразылық акциясына шықты. Қолдарындағы плакаттарға «Педофилдерге өлім жазасы берілсін!», «Сот әділ өтсін!» деген ұрандар жазған әйелдер тобы қазақ-өзбек шекарасына апаратын жолды жауып тастады.

Ауыл адамдарының хабарлауынша, бұл іс бойынша тағы бір күдікті бар екен, дегенмен, оны полиция әзірге босатып жіберіпті.
«Азаттықтың» хабарлауынша, ауылға полиция мен арнайы жасақ келіп, наразылық танытушыларды күштеп жолдан шығарып, ауыл әкімдігіне алып барған. Олар әйелдердің айтатын шағымдарын, талап-тілектерін тыңдаймыз деп сендірді.

Өткен жексенбіде Ақтауда бір топ әйел «Өлім жазасы педофилдерге қолданылсын!» деген талаппен наразылық акциясын ұйымдастырған еді.
Еске салайық, 13 шілде күні Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз кісі қолынан қаза тапты.

Анасының айтуынша, түскі уақытта далаға шығып кеткен қызын анасы 6 минуттан кейін іздеп шығып, таба алмаған. 7-8 жерінен пышақталған, денесінде сау-тамтығы қалмаған сәбидің денесін сол күні кешке көршісінің шатырынан тапқан болатын. Бұл жағдай халық арасында үлкен резонанс тудырып, заңның солқылдақтығын тағы бір көрсетті. Себебі, күдікті бұрын 10 жылға сотталған, кейін бостандыққа шығып, осы жылдың ақпанында бір адамды балтамен ұрып, аса ауыр жарақат салғаны үшін сот шешімімен 3 жыл бостандығын шектеумен ғана құтылған. Бұл жолы 48 жастағы күдіктіге «Адам өлтіру» және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» баптары бойынша айып тағылған.