Сайлауға қатысудың төмен көрсеткіші және сайлау комиссиясы хатшысы кабинетінің есігін бұзу: Бейнеудегі әкім сайлауы

Бейнеу – әкім тағына деген нағыз таласты көрсеткен аз ғана аудандардың бірі. Lada.kz журналисі Жанна Сагидулла сайлауалды жарыстың соңы қылмыстық іске қалай ұласқанын анықтады. Бейнеу ауданының аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, әкім лауазымына үш үміткер болды. Бұл Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Нұртас Сали, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының басшысы Есет Хайруллин және Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Рахымжан Шалбаев.
Бейнеу ауданының бұрынғы әкімі Басшы Әзірхановтың ұлы Бекзат Әзірханов та әкімдікке үміткер болған, бірақ ол сайлаудан шығарылды.



Бейнеу – қандастар мекені

Бейнеу - Маңғыстау облысының шалғайдағы дотациялық ауданы. Ол облыс орталығынан шалғай орналасқан және аумағында өндірістік кәсіпорындар жоқ. Халық негізінен ауыл шаруашылығы есебінен өмір сүреді. Ресми мәліметтер бойынша, ауданның елді мекендерінде 54 мыңнан астам адам тұрады, сондықтан Үкіметте бұған дейін ауылдың мәртебесін өзгерту мәселесі қаралды. Бір сөзбен айтқанда, Бейнеуге қала атағын бергілері келген-ді.

2009-2011 жылдары елімізде «Нұрлы көш» бағдарламасы жұмыс істеп тұрған кезде Бейнеу ауылдары қандастарды қабылдады. 10 жылдан астам уақыт өтсе де, Бейнеудегі көші–қон ағыны жалғасуда: этникалық қазақтар Түркіменстан мен Өзбекстаннан тарихи әлі де отанына көшуде.



Сайлауалды жарыс

Бейнеу ауданындағы сайлау науқаны төрт аптаға жуық уақыт бойы қызу жүрді. Үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі үшін арнайы орындар бөлініп, ақпараттық стендтер мен жарнамаға арналған тақталар берілді, олар өздерінің үгіт-насихат баннерлері мен парақшаларын еркін орналастыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, олар бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін де тиімді пайдаланып, өз бағдарламаларын жан-жақты талқылау үшін сайлаушылармен тікелей кездесулер өткізді

Аймақ тұрғындары сайлауалды жарысты Facebook-те мұқият бақылады. Сайлауға деген қызығушылықты сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізу ережелерін бұзғаны үшін үміткерлер қатарынан шығарылған Бекзат Әзірхановтың даулы тұлғасы ушықтырды. Бекзат Әмірханов бейне жолдауында өз тарапынан ешқандай бұзушылықтар болмағанын, бірақ оны облыстық әкімшіліктің бұйрығымен сайлаудан шығарғанын мәлімдеді. Біз бұрынғы үміткермен сөйлесіп, оның пікірін де тыңдап көрдік.

- Аудандық прокурор мені кабинетіне шақырып, Айнаш Мұханованың жазған арызын көрсетті. Менің ойымша, оған басқа адамдар, соның ішінде облыс әкімі аппаратының басшысы Амангелді Халмұрадов пен Бейнеу ауданының бұрынғы әкімі Бейнеубек Әбілов нұсқау берген. Олар менің Facebook парақшамның скриншотын қолдан жасап, үгіт-насихат жұмыстарын мерзімінен бұрын бастады, осылайша заңды бұзды деп айыптады. Менің қолымда ешқандай дәлел жоқ, бірақ мен Халмұрадовпен сөйлескен кезде әңгімені диктофонға жазбаймын деп уәде бердім. Бірақ маған қандай да бір қиянат жасалса, бәрін жұртшылыққа айтатынымды ескерттім. Ол мені алдап, қорқытып және пара беру арқылы менің үміткерліктен өтінішімді қайтарып алуымды талап етті. Егер өтінішімді қайтарып алмасам, олар менің анамның бизнесіне және інімнің қызметіне кедергі болатындарын (Әзірхановтың інісі - Шапағат, Маңғыстаудың Мемлекеттік кірістер департаментінде басшылық лауазымда жұмыс істейді – автор) айтып қорқытты. Арызға келетін болсақ, онда менің тарапымнан төрт бұзушылық болғаны айтылады. Бәрі қалай болғанын айтып берейін: Facebook қолданушысы Азамат Битан 23 қыркүйекте әлеуметтік желілерде пост жариялап, менің және Нұртас Салидің аудан әкіміне үміткер екенімізді көрсете отырып, Нұртастың жас екенін, ал менің тәжірибелі әрі мықты кандидат екенімді жазды. Ол өзінің жазбасында менің аккаунтымды белгілеген, сәйкесінше жазьа менің парақшама шықты. Алайда мен өзім репост жасамадым, лайк та баспадым. Мен бұл жазбаны тек прокурордың кабинетінде көрдім. Екінші бұзушылық басқа жазбаға қатысты - онда әлеуметтік желі қолданушысы әкеме құрметін білдірген, мен оған алғыс айтып, жазба қалдырдым. Үшіншісінде анамның Бейнеуде мешіт салғанына тура бір жыл толғанын жаздым. Өзім жазған соңғы жазбамда мені қолдайтындарға, қолдау білдіргендерге алғысымды білдірдім. Осы төрт жазбаның кесірінен менің кандидатурам алынып тасталды, - деді Бекзат Әзірханов.


Аумақтық сайлау комиссиясы Әзірхановтың кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгендіктен сайлаудан шығарылғанын хабарлады.

- Сайлау туралы Конституциялық заңның 113-5-бабы 11-тармағының 4-тармақшасы әкімге кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жою түріндегі осындай әрекеттер үшін кандидаттың жауапкершілігін көздейді. Осылайша, Маңғыстау облысының АСК жоғары тұрған сайлау органы ретінде 28 қазанда Бейнеу ауданы әкіміне кандидат Б.Б. Әзірхановты тіркеу туралы шешімнің күшін жойды, - деп түсіндірді аумақтық сайлау комиссиясында.



Әзірхановтар отбасы

Бекзат Әзірханов – 1989 жылдан 2017 жылға дейін Бейнеу ауданының әкімі болған, қазір қайтыс болған саясаткер Басшы Әзірхановтың ұлы. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Басшы Әзірханов бір ауданды 27 жыл бойы басқарған жалғыз адам деп есептеледі. Сонымен қатар, оның ұлы 2003 жылдан 2017 жылға дейін әкесінің тікелей қарамағында, оның ішінде Бейнеу ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы лауазымында жұмыс істеді
Кіші Әзірханов әкесі аймақтағы беделді тұлға болғанымен, ол өз балаларына ешқандай көмек көрсетпеді, сүйремеді деп сендіреді. Әкесінің ісін жалғастыруға деген өз ұмтылысын бұрынғы кандидат ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға деген шын ниетімен байланыстырады.

- Өмірінің соңғы күндерінде әкем маған Бейнеу халқының арқасында ғана көптеген медальдарға, ордендерге қол жеткізгенін, халықтың арқасында абырой жинағанын айтты. Ол маған халық атынан жұмыс істеуді жалғастыру керек деді. Мен тағдырға қарсы шыққым келмеді, «жоғарыдағыларға, «бәке-сәкелерге» жүгінбедім, анамның да қаражаты бар, бірақ бұл жолмен жүрмеймін деп шештім. Осылайша 20 жыл өтті. Мен қазір 40-тан астым. Мен үшін үлкен марапат тағайындау арқылы емес, халықтың таңдауы бойынша әкім болу, - дейді Әзірханов.

Сайлауалды науқан жүріп жатқан кезде YouTube-тегі «Бәсе» арнасында Кіші Әзірхановтың өз отбасы тұратын екі қабатты сарайды таныстырған бейнеролик пайда болды. Бейнероликте Басшы Әзірханов Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың серігі деп аталады.

- Нұрсұлтан Назарбаев біздің үйде қонақ болған емес. Олардың телефонмен сөйлескендерін де естімеппін. Сондықтан оларды дос болды деп айта алмаймын. Бірақ олар дос болсағ мен оны мақтанышпен айтар едім. Себебі, елдің бірінші президентімен дос болу – үлкен мақтаныш. Коттедж бойынша – елдің бәрі мақтағандай аса бір қатты қымбат үй емес. Мен үшін ол қарапайым екі қабатты үй, анамның атағында. Ол 90-жылдардан бері кәсіпкерлікпен айналысады, Бейнеу базарында үлесі бар. Тағы да қайталаймын, үй соншалықты қымбат емес, жиһазды Ресейден іздеп, Мәскеуден алдым, мейлінше арзан бағаға іздедім. Оны жасырмаймын. Мұндай үй Бейнеуде тек бізде ғана емес, - деді бұрынғы үміткер.


Әзірхановқа кім қарсы және оның себебі қандай?

Біз Бекзат Әзірхановтың тарапынан бұзушылықтар туралы хабарлаған Бейнеу тұрғыны Айнаш Мұхановамен сөйлестік, аумақтық сайлау комиссиясына арызды да осы кісі жазған еді. Оның айтуынша, ол Әзірхановтар отбасымен 30 жылдан бері, яғни, 90-шы жылдардан бері күресіп келеді. Әйел өзін қудалады деп мәлімдейді және өз өмірі үшін қорқып, туған ауылынан кетуге мәжбүр болған. Ол ауылға Басшы Әзірханов қайтыс болғаннан кейін ғана оралған.

- О дүниелік болғандар туралы не жақсы сөз айтады, не ештеңе айтпайды. Алайда, мен жағымсыз болса да, шындығымды баяндаймын. Басшы Әзірханов көзі тірісінде 27 жыл бойы халқына ешқандай жақсылық көрсетпеген жан. Ол халықтың арқасында дүние жинап, байыды. Дүкендері, жанар-жағармай станциялары бар, базар да соларға тиесілі. Ол менің мүгедек ұлыма шипажайға жолдама да бермеді. Мен саудамен айналыстым, менен заңсыз жер телімімді тартып алды. 2009 жылы олар менің дүкенімді күреп, жер қылды. Ол кезде Бейнеуде бір балалар алаңы да болмады, тек жаңа әкім келген соң көзіміз ашылды – ауылда өмір оңала бастады. Осы жылдар ішінде мені үндемей отырды демеңіз, мен бірнеше рет хат жолдамақ болдым, оны тексергенін талап еттім, бірақ менің хаттарым Бейнеуден шықпай жоқ болатын. Оларды поштада жойып жіберетін, себебі, Басшы Әзірхановтан қорқатын. Осы жылдар бойы олар адамдарды қорқытумен келді. 2016 жылы мен ауылдан кетуге мәжбүр болдым. Олардың отбасымен күресім Бекзатқа да келіп жетті, себебі, ол аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Біз осыған дейін WhatsApp-тағы жазба үшін соттасқанбыз. Ол менің атыма жазылған барлық артық сөздерді кетіріп, тек менің хабарламаларымды қалдырған, соңында оның отбасы мені сотқа беріп, мені кінәлі деп таныды. Бекзат әкімдікке таласады дегенді естігенде оған жол бермеуге бел будым. Мен оның бұзушылықтарын көрдім, арыз жаздым. Ондай адам ауданды басқара алмайды, - деді Айнаш Мұханова.




Әзірхановтың Бейнеу аудандық сайлау комиссиясындағы әңгімесі

Желіде тараған тағы бір бейнежазба қызығушылық тудырды, онда болжам бойынша Бекзат Әзірхановтың Бейнеу аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Таңат Амалбаевпен сөйлескен даусы жазылған.

Жазбаға сенсек, үміткер боқтық сөздерді араластыра отырып, Амалбаевтың «заң аясында қызмет етуі» үшін ай сайынғы жалақысын аударып отыратынын, Lexus көлігінің кілтін ұсынатынын айтқан. Әзірханов аудиожазбада өзі екенін растап, өз нұсқасын айтты:

- Тәке мені шығаратындарын айтты. Мен қандай негіздеме екенін сұрадым. Ол соттыі қаулысы бар деді. Мен ол қаулының заңды күшіне енбегенін, әлі 10 күн барын айттым. Бірақ ол нақтф факт бар екенін айтып, Маңғыстау облысы сайлау комиссиясының төрағасының хатын көрсетті. Мен Таңат Аманбаевтан не істегілері келіп отырғанын сұрағанда шығаратындарын жеткізді.Сол кезде мен оған: «Мені білесің, мен соңына дейін барамын. Бәрібір түбінде сотталатын өздерің. Сендер неден қорқасыңдар? Сізді түсінемін, жасыңыз 60-қа келіп қалды. Егер отбасын асырау керек десеңіз, менің інім сіздің айлық жалақыңызды төлеп береді. Бірақ заңға қарсы шықпаңыз» дедім. Ол бас тартты. Сол кезде мен Лексус көлігім бар екенін, оны сатсам да, адвокат жалдайтын ақша табатынымды және соңына дейін баратынымды айттым, - деді Әзірханов.




Сайлау кезіндегі есікті бұзу

Маңғыстау облыстың полиция департаментінің дерегі бойынша, сайлау кезінде екі ер адам сайлау комиссиясы хатшысының есігін бұзбақ болған. Бұл 28 қазанда орын алған.
- Бұл жердегі мақсат - есікті ашып, аудан әкіміне кандидаттардың біріне қатысты шығарылған шешімді алып кету екені белгілі болды. Бұл факт Бейнеу ауданының СДТБТ-де ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлімі «Ұрлық» деп тіркелген. Тергеу жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді, - деп хабарлады полиция.
Бұл ақпарат бойынша Бекзат Әзірханов түсінік берді.


- Мені шығарғандары туралы қаулымен 28 қазанда таныстым. Сағат 18-23-те хатт алдым деп қол қойдым. Үйге барып, жолға жиналдым. Астанада, Ақтауда адвокаттар іздегім келді. Таңатқа телефон соғып, 80-қаулыны алғым келетінін айттым. Ол уақыттың кеш болғанын, таңертең келуімді сұрады. Мен таңертеңге дейін ол қаулының өзгеріп кетпейтініне сенбейтінімді, сондықтан дәл сол уақытта керектігін тағы да айттым. Ол хатшы Гүлбаршынға хабарласып көр деді. Мен хатшының үйіне барамын, сол кезде телефон соғып, сенің растағаныңды қалаймын дедім, ол келісті. Алайда хатшыны да, оның ағасын да таба алмадық. Таңатқа хабарласып, хатшыны таба алмағанымды, есікті бұзып, қаулыны алып кеткім келетінін, ертең есікті ауыстырып беретінімді айттым.Ол рұқсатын бермеді, қаулыны келесі күні ерті жіберетінін хабарлады. Мен ешкімнің есігін бұзбадым, келесі күні маған полиция хабарласып, есікті бұзуға талпыну болды деді. Маған қаулының қажеттігі туралы штабтағы жолдастарым хабардар еді. Менің іс-әрекетімді бұзақылық ретінде көрсеткілері келеді, бірақ мен ешкімге есікті бұзып кір демедім.



Бейнеудегі сайлау қалай аяқталды

Сайлауда Бейнеу ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Рахымжан Шалбаев жеңіске жетті. Ол 8556 дауыс жинады.
Қазақстан бойынша сайлауға келу орташа есеппен 62,8% құрады. Ең төменгі көрсеткіш Маңғыстау облысында тіркелді - 28,96%.

Маңғыстау облысы әкімдігі аппаратының басшысы Амангелді Халмұрадов Әзірханов тарапынан жария айыптаулардан кейін оны сотқа беруге шешім қабылдады.

- Әзірхановтың арызы бойынша мен азаматтық сотқа ар - намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап арыз дайындап жатырмын, ол айтқан шындыққа сәйкес келмейтін жалған мәліметтерді жоққа шығаруды талап етемін, - деді Маңғыстау облысы әкімдігі аппаратының басшысы Амангелді Халмұрадов Lada.kz тілшісіне.