«EcoBilim» жобасы: Маңғыстаудың табиғи байлығын қорғау және насихаттау жолындағы маңызды қадам
2024 жылғы 21 қараша сағат 11.00-де Маңғыстау облысындағы сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды насихаттауға бағытталған «EcoBilim» жобасының қорытындысы туралы баспасөз конференциясы өткізілді. Бұл жоба Маңғыстаудың табиғи байлығын, экологиялық тепе-теңдігін және флора мен фаунасының маңыздылығын көрсетуді мақсат тұтады. Жоба аясында жүргізілген зерттеулер мен бейнероликтер өңірдің ерекше экожүйелерін зерттеу және сақтау үшін маңызды қадам болып табылады.
Жоба жетекшілері Бекдайыр Биназира мен Сабырбаева Алуа Мақсатқызы жобаның негізгі бөлігі ретінде далалық зерттеулер, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың фото-бейнетүсірілімдері жүргізілгенін хабарлады. Сонымен қатар, «EcoBilim» көрмелері Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы білім мекемелерінде, сондай-ақ Астана қаласында «Alem» университетінде таныстырылды. Бұл көрмелер Маңғыстаудың экожүйесінің ерекшеліктерін түсіндіру және жергілікті халыққа экологиялық білім беру мақсатында ұйымдастырылды.
«EcoBilim» жобасының ғылыми сарапшысы Дүйсебек Әділхан Төлегенұлы Маңғыстау облысының табиғи әлемін танытудағы жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ол 2024 жылғы 22 қазан күні өткен «Ecobilim: Маңғыстаудың ғажайып өсімдіктері мен жануарлар әлемі» атты аймақаралық ғылыми конференциясының қорытындысы туралы да баяндады. Конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.А.Әбенов, Каспий университеті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары мен студенттері, жергілікті экология мамандары қатысты.
Жоба аясында дайындалған бейнеролик Маңғыстау облысының бай өсімдіктері мен жануарларын, сондай-ақ Үстірт мемлекеттік табиғи қорығын бейнелеп, экологиялық білім мен табиғатты қорғау мәселелеріне назар аударады. Бейнероликтің алғашқы бөлігінде өңірдің әсем табиғаты, шөлейт аймақтар мен сирек кездесетін өсімдіктер көрсетіледі. Бұл өсімдіктер қатал климаттық жағдайларға бейімделіп, экожүйенің тепе-теңдігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Қарапайым өсімдіктердің емдік қасиеттері де айтылады, бұл Маңғыстау өңірінің тұрғындары үшін биологиялық ресурс болып табылады.
Кейінгі бөлімдерде бейнеролик өңірдің жануарлар әлеміне арналған. Мұнда Үстірт арқары, жейран, түйе, тюлень, қоқиқаз сияқты сирек жануарлармен қатар, көптеген жыртқыш сүтқоректілер – манул, қарақал, құм мысығы мен ақ маңдайлы жыртқыштар туралы мәлімет беріледі. Бұл жануарлар табиғаттың көркін ғана әсемдеп қоймай, экологиялық теңдікті сақтауға көмектеседі.
Бейнероликтің соңында табиғатты қорғау үшін ғылыми зерттеулер мен экологиялық білім беру қажеттігі туралы түсінік беріледі. «EcoBilim.KZ» жобасы адамдарды Маңғыстау табиғатын қорғауға, өңірдің флорасы мен фаунасын сақтауға белсенді түрде атсалысуға шақырады.
Жоба қорытындысы бойынша қазақ және орыс тілдерінде әзірленген «EcoBilim: Маңғыстау өсімдіктері мен жануарларының ғажайып әлемі» атты кітапша Маңғыстау облысының оқу орындарының кітапханаларына тапсырылды. Бұл кітапша мен бейнероликтер жергілікті білім беру жүйесінде экологиялық білім беру мен табиғатты қорғау мәселелерін арттыруға бағытталған.
Астанада өткен конференция да экологиялық мәселелерді талқылауда маңызды орын алды. Қатысушылар өңірдегі сирек және эндемикалық түрлердің сақталуы, антропогендік әсерлердің табиғатқа тигізетін зияны, экожүйедегі тепе-теңдікті сақтау мәселелерін жан-жақты қарастырды. Бұл шаралар Маңғыстау облысының табиғи байлығын қорғауға арналған ғылыми және қоғамдық диалогты нығайтуға ықпал етті.
Жобаны Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы және Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы қолдауымен, «Серпін» Ұлттық әлеуметтік даму қоры жүзеге асыруда.
Жарнама ретінде