18+
Новости Актау и Мангыстау
Ақтау және Манғыстау жаңалықтары
24.11.2022, 09:32

Ақтауда тұрғындар жаңадан салынған үйдің сапасына наразы

Ақтауда 19«А» шағынауданындағы салынғаны екі жылдан асқан №21 «Комфорт» тұрғын үйінің тұрғындары баспанасының сапасына көңілі толмайды. Айтуларынша тұрғын үйдің пайдалануға берілгеніне ұзақ уақыт өтпесе де, үйдің сыртқы қаптамасы ашылып, іргетасы отырып, асфальт төселген жері ойылып кеткен екен. Салдарынан баспалдақ үйдің іргетасынан бөлініп, құлайын деп тұр. Одан қалды жеті қабатты тұрғын үйдің төбесі де дұрыс жабылмаған дейді тұрғындар. Себебі, қатты желдің салдарынан шатырлары ұшып, жаңбыр жауғанда кейбір пәтерлердің төбесінен су кететін көрінеді.
-Бірінші подъездің арты ойылып кеткен. Соған су кетеді. Сол құлап кетеді ма деп қорқамын. Бізге жақында газ қосты. Төртінші подъездің қапталында газ құбыры тұрған жер де құлайын деп тұр. Үйдің сыртына жабыстырған плиталар да құлап жатыр. Үйді салған мердігер мекеме өкілдері тіпті хабарымызды алмайды. Үйді тапсырғаннан кейін жоқ болып кетті. Келісімшарт бойынша 2-3 жылға дейін үйді жөндеу жұмыстарын құрылыс компаниясы жасау керек, дейді тұрғын Болған Жұмалабаева.

Ақтауда тұрғындар жаңадан салынған үйдің сапасына наразы



Тұрғындардың айтуынша, бұл бір ғана мәселе емес екен. Тұрғын үйде ыстық суда дұрыс берілмей, жылу жүйесі де дұрыс жұмыс жасамайтын көрінеді

-Жалпы төрт подъезд болса, соның кейбір подъездерінде ыстық су дұрыс ақпайды. Мәселен, үйді қолданысқа берген уақыттан бастап, 1-подъезде ыстық су жоқ. Ыстық судың орнына салқын су аққандықтан, тұрғындар суды жылытуға мәжбүр. Мердігер мекеме басында тұрғын үйдің маңынан 300 куб су сақтайтын қойма мен аккумулятор болады және жарық өшкенде аккумулятор автоматты түрде қосылады деп сендірген. Бірақ су қоймасы мен аккумулятор қондырылмағандықтан жарық өшіп қалғанда немесе ауыз су тоқтаған уақытта бізге қиын, дейді тұрғын Ақбибі Қасымбаева.

Тұрғындар қала әкімдігі арнайы комиссия құрып, үйдің сапасын тексеруге атсалысса деген өтініші бар. Жалпы тұрғын үйде 102 пәтер бар. Бүгінгі таңда 80-нен аса пәтерге адамдар қоныстанып үлгерген. Үйді салған мекеме «Комфорт Актау» тұрғын үй-құрылыс кооперативі. Компания басшысы тұрғын үйді тапсырғанына екі жылдан аса уақыт өткенін айтып, ендігі кем-кетікті үйді күтіп ұстайтын пәтер иелерінің кооперативі(ПИК) жасау керек деп отыр.

Ақтауда тұрғындар жаңадан салынған үйдің сапасына наразы



-Аталған тұрғын үй тұрғындарға 2020 жылдың 5 ақпанында берілді. Шатырдан су кеткен жерлерін жасап бердік. Үйдің айналасына асфальт төседік. Тұрғындардың айтқан өтініштерінің барлығын жасадық. Үйдің берілгеніне екі жылдан аса уақыт өтті. Ендігі міндеттемелерді пәтер иелерінің кооперативі жасау керек. Сондай-ақ, аталған үйде коммерциялық мақсатта қолданып отырған нысандар бар. Аталған нысан иелерінің де өз жауапкершілігі бар, дейді құрылыс компаниясының басшысы Геннадий Алиев.

«Комфорт Актау» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің директоры Геннадий Алиевтың айтуынша, тұрғын үйдің астындағы коммерциялық мақсатта қолданып отырған нысан иелері жуырда жөндеу жұмыстарын жасайтынын жеткізді.

Айбарыс Арлан
Подпишись на наш канал в Telegram
– быстро, бесплатно и без рекламы
Подписаться

Комментарии

0 комментарий(ев)
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи. Зарегистрируйтесь либо, авторизуйтесь. Содержание комментариев не имеет отношения к редакционной политике Лада.kz.Редакция не несет ответственность за форму и характер комментариев, оставляемых пользователями сайта.